ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ЖАҒДАЙЫНДА ЖЕРГІЛІКТІ ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫЛАРЫ МЕН ОЛАРДЫҢ МҰҒАЛЖАР ТҰҚЫМЫМЕН БУДАНДАРЫНЫҢ ЕТ ӨНІМДІЛІГІ
DOI:
https://doi.org/10.52269/SRDG2611143Кілт сөздер:
қазақ жылқысы, мұғалжар тұқымы, будандар, бордақылау, тірілей салмақ, ет өнімділігіАңдатпа
Мақалада Қызылорда облысы жағдайында қазақ жылқылары мен олардың мұғалжар тұқымымен будандарының ет өнімділіктерін салыстырмалы бағалау нәтижелері келтірілген. Өңірде өсірілетін жылқылардың басым бөлігін жергілікті қазақ жылқылары құрайды, сондықтан олардың еттілік қасиеттерін жақсартудың экономикалық маңызы үлкен. Зерттеудің өзектілігі де осында. Зерттеудің мақсаты - қазақ жылқылары мен олардың мұғалжар тұқымымен будандарының ет өнімділіктерін салыстырмалы бағалау. Зерттеу материалдарына малдарды бордақылау мәліметтері, жылқыларды бақылау тәртібімен сойып тексеру нәтижелері енгізілді. Ет өнімділігіне баға беру кезінде сою алдындағы тірілей салмақ, ұша және сойыс салмақтары және сойыс шығымы анықталды. Нәтижелер будан малдардың қарқынды салмақ өсуімен және жақсы сойыс сапасымен ерекшеленетінін көрсетті. Будан жылқылардың орташа салмағы 352,1 кг болды. Бұл олардың жергілікті құрдастарынан 26,5 кг, немесе 8,1% жоғары (P<0,001). Сол сияқты будан малдардың ұша салмағы қазақ жылқыларынан 15,7 кг ауыр болды. Бірінші сорт өнімдерінің салмағы және ұшадағы үлесі жөнінен мұғалжар х қазақ жылқысы будандары басымдық көрсетті. Ұлттық тағамдарды әзірлеуге қажетті қазы, жая және жал өнімдерінің ұша салмағындағы үлесі қазақ жылқыларында 15,68% құраса, будандарда бұл көрсеткіш 0,32% жоғары. Алынған деректер Арал өңірі жағдайында жергілікті қазақ жылқыларын мұғалжар тұқымымен будандастыру олардың ет өнімділігін көтерудің тиімді тәсілі екендігін көрсетті.

