КАРТОПТЫҢ XS1, XS4, XS5 ЖӘНЕ ГАЛА СОРТТАРЫНЫҢ АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРҒАҚ ТОПЫРАҒЫНДА ӨНГІШТІК КӨРСЕТКІШТЕРІН САЛЫСТЫРМАЛЫ БАҒАЛАУ
DOI:
https://doi.org/10.52269/SRDG2611115Кілт сөздер:
картоп, сорт, фенологиялық талдау, бейімделу, топырақ, өнгіштікАңдатпа
Бұл мақалада Қытайдан әкелінген XS1, XS4, XS5 картоп сорттары және «Гала» сорты қарастырылған. «Гала» – өнімділігі жоғары, орташа ерте пісетін, агротехникалық талаптар сақталған жағдайда әртүрлі топырақ-климаттық жағдайларға, оның ішінде қуаң аймақтарға жақсы бейімделетін сорт. Абай облысының қуаң топырақ жағдайында аталған картоп сорттарының өнгіштік көрсеткіштері талданып, өзара салыстырылды. Зерттеу 2025 жылғы көктемгі отырғызу кезеңінде жүргізіліп, тұқымдық түйнектердің өну пайызы, өскіндердің пайда болу мерзімі және өсімдіктердің бастапқы даму биіктігі анықталды.
Зерттеу барысында стандартты агротехникалық әдістер мен бақылау көрсеткіштері қолданылды, алынған деректер статистикалық өңдеуден өткізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша «Гала» сорты ең жоғары өнгіштік көрсеткішін (91%) және бастапқы өсу қарқынының жоғары деңгейін көрсетті. XS4 сорты да жақсы бейімделу қабілетімен (86%) ерекшеленді. Ал XS1 және XS5 сорттары салыстырмалы түрде төмен нәтижелер көрсетті. Аталған айырмашылықтар сорттардың генетикалық ерекшеліктерімен және жергілікті климаттық жағдайларға бейімделу деңгейімен байланысты екені анықталды. Зерттеу қорытындылары бойынша Абай облысы сияқты қуаң климатты өңірлерде «Гала» және XS4 сорттарын кең көлемде өндіріске енгізу ұсынылады. Ғылыми зерттеу нәтижелері картоп өсіру тиімділігін арттыруға және жаңа сорттарды бейімдеуге бағытталған болашақ жұмыстар үшін практикалық маңызға ие. Сонымен қатар, әдістемелік тұрғыдан бұл зерттеу Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен бірлесіп жүргізілетін алдағы сынақтарға негіз бола алады. Жалпы алғанда, алынған нәтижелер зерттеліп отырған материалды жан-жақты және объективті бағалау мақсатында алдағы ғылыми-зерттеу жұмыстарында пайдаланылатын болады.

