«СҰЛТАН» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ АҚБАС ТҰҚЫМЫ АТАЛЫҚ ІЗДЕРІНІҢ ГЕНЕАЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ӨНІМДІЛІК СИПАТТАМАЛАРЫ
DOI:
https://doi.org/10.52269/SKVC2621117Кілт сөздер:
қазақтың ақбас тұқымы, генеалогия, өнімділік, тұқымқуалаушылық, тірі салмақ, сүттілік, экстерьеАңдатпа
Мақалада «Сұлтан» шаруашылығындағы ірі қара малдың аналық табынының генеалогиялық құрылымы, өнімділік және морфологиялық белгілерін бағалау нәтижелері ұсынылған. Талдау үшін қазақтың ақбас тұқымының әртүрлі зауыттық аталық іздеріне жататын толық жастағы сиырлардың тірі салмағы, сүттілігі, дене өлшемдері және экстерьерлік бағалау көрсеткіштері пайдаланылды. Зерттеу нәтижелері бойынша тірі салмақ пен сүттіліктің көрсеткіштері табынның орташа көрсеткіштерінен жоғары екені және тұқым стандартына сәйкес немесе одан асып түсетіні анықталды. Сүттілік көрсеткіші бойынша ең жоғары өнімділікті Король 13582 және Замок 3035 аталық іздері көрсетті, ал тірі салмақ пен экстерьер бойынша Салем 12747 және Майлан 13851 аталық іздері алдыңғы орында болды. Аталық іздер сиырлардың морфологиялық көрсеткіштері салыстырмалы түрде біркелкі: Салем және Майлан аталық іздері ірілігімен және сүйек қаңқасының мықтылығымен ерекшеленсе, Замок және Байкал аталық іздері неғұрлым ықшам дене бітімімен сипатталады. Тұқымқуалаушылық коэффициенттерін талдау генотиптің белгілердің көпшілігіне орташа деңгейде әсер ететінін көрсетті: ең жоғары тұқымқуалаушылық сүттілік пен кеуде енінде, ал ең төменгісі тірі салмақ пен жіліншік айналымында анықталды. Бұл популяцияның жоғары деңгейде консолидацияланғанын дәлелдейді. Табынның генетикалық әлеуетін арттыру мақсатында ата-аналық формаларды мақсатты түрде жұптастыру, сондай-ақ нақты шаруашылық үшін есептелген бонитировка мен іріктеу параметрлерін ескере отырып, басқа өңірлерден туыстас емес малдарды тарту ұсынылады.

