ҚАЗАҚСТАН ЖОҒАРЫ БІЛІМІНІҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ: ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР ТИПОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕЛЕСТІК ОРТАДАҒЫ СЫН-ҚАТЕРЛЕР
DOI:
https://doi.org/10.52269/SRDG2612118Кілт сөздер:
жоғары білімнің трансформациясы, институционалдық өзгерістер, университетті басқару, цифрлық трансформация, интернационалдандыру, жаһандық бәсекелестік, ҚазақстанАңдатпа
Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің трансформациясы білім экономикасына көшу, жаһандық бәсекелестіктің күшеюі және цифрлық технологиялардың жедел дамуы жағдайында ерекше маңызға ие болып отыр. Университеттер адами капиталды дамыту, білім беру мазмұнын жаңарту, басқару үлгілерін жетілдіру және елдің халықаралық академиялық кеңістікке кірігуін күшейту міндеттерін атқаратын негізгі институттар ретінде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – институционалдық өзгерістердің аналитикалық типологиясына сүйене отырып, Қазақстан жоғары білім беру жүйесінің трансформациясының негізгі бағыттарын кешенді талдау. Зерттеу барысында университеттердің трансформациясына қатысты теориялық-ұғымдық тәсілдер жүйелендіріліп, мемлекеттік білім беру саясатының эволюциясы сипатталады, басқару, цифрландыру және интернационалдандыру салаларындағы өзгерістер талданады, сондай-ақ реформалардың тұрақтылығына әсер ететін құрылымдық шектеулер мен тәуекелдер айқындалады. Әдіснамалық негізін нормативтік және стратегиялық құжаттарға сапалық талдау, тақырыптық контент-талдау, салыстырмалы және институционалдық талдау әдістері құрайды. Зерттеу нәтижелері Қазақстан жоғары білім беру жүйесіндегі өзгерістердің сыртқы талаптарға мәжбүрлі бейімделу мен университеттердің проактивті стратегияларының үйлесімі ретінде жүзеге асатынын және әртүрлі типтегі жоғары оқу орындарының дамуының әркелкілігін күшейтетінін көрсетеді. Зерттеудің ғылыми құндылығы – университеттер трансформациясын талдаудың жаһандық үлгілерін ұлттық контексте нақтылау және институционалдық өзгерістерді жүйелі түсіндіруге мүмкіндік беретін типология ұсыну. Нәтижелердің практикалық маңызы білім беру саясатын жетілдіру, университеттердің даму стратегияларын әзірлеу және реформалардың орнықтылығын бағалау үдерістерінде қолдану мүмкіндігімен негізделеді.

