ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ТОПЫРАҚ ЖАМЫЛҒЫСЫНЫҢ РАДИОЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҒАСЫ ЖӘНЕ ГАММА-СӘУЛЕЛЕНУ ДЕҢГЕЙЛЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.52269/SKVC2621188Кілт сөздер:
Радионуклидтер, радиациялық қауіпсіздік, гамма сәулеленуі, радиоэкологиялық бағалауАңдатпа
Зерттеудің өзектілігі Қостанай облысының топырақ жамылғысындағы табиғи және техногендік радионуклидтердің деңгейі туралы ақпараттың тапшылығымен айқындалады. Өңірде ірі пайдалы қазба кен орындары орналасқан, сонымен қатар Қостанай облысы Қазақстанның негізгі астық өндіруші аудандарының бірі болып табылады. Мұндай қосарланған техногендік қысым топырақ қабатында табиғи және техногендік радионуклидтердің қайта бөлінуі мен жинақталуына қолайлы жағдай туғызады. Радионуклидтерді өлшеу РКГ-АТ 1320С гамма-радиометрінде жүргізілді. Зерттеу барысында 40K, 226Ra, 232Th, 137Cs, 134Cs радионуклидтерінің меншікті белсенділігі анықталды. Зерттеу нәтижесінде 40K, 226Ra және 232Th меншікті белсенділігінің орташа мәндері әлемдік орташа мәндер (БҰҰ АРӘҒК) шегінде немесе одан төмен екендігі, ал барлық Aтиім (тиімді меншікті белсенділік) мәндері радиациялық қауіпсіздіктің I класына (РҚН-99) сәйкес келетіндігі анықталды. Алынған мәліметтер қолайлы радиациялық жағдайды және әлеуетті тәуекелдің төмен деңгейін көрсетеді. Техногендік 137Cs мөлшері, жекелеген аномалияларды қоспағанда, нормативтік мәндерден аспайды. Анықталған локальді ерекшеліктер: «Юбилейное» алаңының төменгі горизонттарындағы 40K жоғары мөлшері, «Московский» алаңындағы 226Ra аномалиясы және «Аманқарағай» алаңындағы 137Cs тереңдік бойынша әдеттен тыс таралуы, ғылыми қызығушылық тудырады және олардың шығу тегін анықтау үшін қосымша зерттеулерді талап етеді. Аномалиялар анықталған учаскелерде мерзімді мониторинг жүргізу, сондай-ақ зерттеу аясын өңірдегі тау-кен нысандарына іргелес аумақтарда кеңейту ұсынылады. Алынған деректер Қостанай облысының ауыл шаруашылығы топырақтары үшін алғашқы жүйелі радиоэкологиялық базаны құрайды және өңірлік радиоэкологиялық мониторинг бағдарламаларын әзірлеу кезінде референттік мәндер ретінде пайдаланылуы мүмкін.

