«Топырақ–өсімдік» жүйесінде ауыр металдардың биоаккумуляциясы мен транслокациясының ерекшеліктері: факторлар мен механизмдер
DOI:
https://doi.org/10.52269/SKVC2621239Кілт сөздер:
ауыр металдар, биоаккумуляция, транслокация, ризосфера, гиперакумуляторлар, фиторемедиация, кадмийАңдатпа
Топырақтың ауыр металдармен ластануы агроэкожүйелердің деградациясының ең тұрақты түрлерінің бірі болып табылады, өйткені бұл элементтер биодеструкцияға ұшырамайды және топырақ профилінде жинақталып, өсімдікке, одан әрі қоректік тізбекке өтеді. Шолудың мақсаты – «топырақ–өсімдік» жүйесіндегі ауыр металдардың биоаккумуляциясы мен транслокациясы туралы заманауи деректерді жүйелеу және олардың қозғалғыштығына әсер ететін негізгі физика-химиялық және биологиялық факторлардың рөлін бағалау. Жұмыстың міндеттері металдардың топыраққа түсу көздерін талдауды, оларды кездесу формалары мен биожетімділігін қарастыруды, түбірлік сіңірудің және ксилемалық тасымалдаудың молекулалық механизмдерін сипаттауды, сондай-ақ биоаккумуляция мен транслокацияның сандық көрсеткіштерін жалпылауды қамтиды. Әдістеме негізінен 2011–2025 жылдары Scopus, Web of Science, PubMed және eLibrary дерекқорларында индекстелген ғылыми басылымдарға шолу жасауға негізделген. Негізгі нәтижелер жинақталудың және тасымалдаудың тиімділігі металдың түріне, топырақтың қышқылдығына, органикалық заттың құрамына, ризосфераның тотығу-тотықсыздану жағдайларына және HMA, NRAMP, ZIP, ABC, YSL тұқымдастарының тасымалдаушы ақуыздарының белсенділігіне байланысты екенін көрсетеді. Кадмий ең жоғары биоаккумуляция коэффициентімен сипатталса, никель түбір–өркен жүйесінде ең жоғары қозғалғыштыққа ие. Жұмыстың тәжірибелік маңыздылығы фиторемедиация үшін өсімдіктерді таңдау қағидаларын және ауыл шаруашылығы өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарды жалпылауда жатыр.

