«ЕҢБЕККЕ БАУЛУ» ПӘНІН ОҚЫТУДА БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ІС-ӘРЕКЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ЖОЛДАРЫ
DOI:
https://doi.org/10.52269/22266070_2024_2_165Кілт сөздер:
бастауыш сынып оқушылары, шығармашылық іс-әрекет, еңбекке баулу, танымдық қабілет, шығармашылық ойлауАңдатпа
Білім беру процесінде білімді шығармашылықпен қолдана білу дағдысын меңгерген оқушы тұлғасын қалыптастыру мәселесі өзекті әрі зерттеуді қажет ететін мәселенің бірі. Өйткені, шығармашылық іс-әрекеті қалыптасқан тұлға қоғамды өзгертуге және өз қызметінің субъектісіне айналуға қабілетті болып табылады. Мақаланың өзектілігін анықтауда нормативтік құжаттарға, білім алушының шығармашылық іс-әрекетін қалыптастыру мәселесін зерттеген отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектеріне талдау жүргізіліп, «шығармашылық іс-әрекет» ұғымына анықтама ұсынылды. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық іс-әрекетін қалыптастырудың мотивациялық, шығармашылық-танымдық, интеллектуалдық секілді компоненттері, өлшемдері мен көрсеткіштері анықталды. Зерттеудің мақсаты - оқу процесінде өзінің мақсаты мен сенімі, стандартты емес ойлау дағдысы, өзін-өзі көрсетудің барлық түрлеріне әкелетін әмбебап оқу әрекеттері бар шығармашылыққа негізделген іс-әрекеттерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін жолдарды таныту. Тәжірибелік-эксперимент жұмыстарына №49 жалпы орта мектебінің 2 сыныптың («А» және «Б») 63 оқушысы қатысты. Зерттеу барысында тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың үш кезеңі (анықтау, қалыптастыру, бақылау) іске асырылды. Анықтау кезеңінде П.Торренстің «Шығармашылық ойлауға арналған әдістемесі» арқылы алғашқы деңгейі анықталып, қалыптастыру кезеңінде шығармашылық іс-әрекетін қалыптастырудың үш жолы: бірінші - Project based learning (PBL) технологиясын қолдану; екінші - медиа ресурстарды қолдану; үшінші - STEM арқылы оқу жолдары қарастырылды. Бақылау кезеңіндегі салыстырмалы зерттеу нәтижелері қалыптастыру кезеңінде жүргізілген жұмыстардың нәтижелі болғандығын көрсетті.