ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰЙРЫҚТЫ ҚОЙ ТҰҚЫМЫНЫҢ ӨНІМДІЛІК БЕЛГІЛЕРІМЕН БАЙЛАНЫСҚАН КАНДИДАТ-ГЕНДЕРДІҢ АЛЛЕЛЬДІК ПОЛИМОРФИЗМІ
DOI:
https://doi.org/10.52269/22266070_2023_2_141Кілт сөздер:
қазақтың құйрықты қойы, гендер полиморфизмі, аллельдік нұсқалар, селекция, ет өнімділігіАңдатпа
Соңғы жылдары өнімділіктің көріну деңгейімен байланысты ДНК-маркерлерді пайдалануға негізделген іріктеу әдістерін жасауға бағытталған зерттеулер ерекше маңызға ие болуда. Бұл технологияларды отандық қой етінің өндірісіне енгізу осы саланы дамыту үшін үлкен қолданбалы маңызы бар өзекті міндет болып табылады. Осыған сәйкес қазақтың құйрықты қой тұқымының өнімділік көрсеткіштерімен байланысты өсу гормоны (GH2), инсулин тәрізді өсу факторы (IGF1), миостстин (MSTN) және май қышқылдарын байланыстырушы ақуыз (FABP4) гендерінің аллельдік полиморфизмін зерттеу мақсаты қойылды.
Малдардың ДНК-ларын зерттеу үшін қан сынамалары пайдаланылды. Гендердегі полиморфизмді талдау Л.К.Эрнст атындағы Бүкілресейлік мал шаруашылығы институтының (Ресей) селекцияның молекулалық негіздері зертханасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау үшін арнайы әзірленген сынақ жүйелерінің көмегімен жүргізілді.
Қан ақуыздарының полиморфты жүйелерін зерттеу барысында қазақтың құйрықты қой тұқымының генетикалық құрылымдарын полиморфты ақуыздардың аллельдері мен генотиптері бойынша саралау дәрежесі айқындалды. Тестілеу нәтижесінде қазақ құйрықты қойларының популяциясында GH2 және IGF1 гендері полиморфты, ал MSTN және FABP4 гендері мономорфты екендігі анықталды.
Қазақтың құйрықты қойларының ет өнімділігі белгілерімен байланысты кандидат-гендерді сәйкестендіру маркерлік селекция бағдарламаларын әзірлеу үшін пайдаланылуы мүмкін. Ал оларды практикада қолдану селекциялық жұмыстың тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.